Қазақстандық балуан Ибрагим Магомадов Бішкектегі күрес түрлерінен өтіп жатқан Азия чемпионатында қола жеңіп алды.
77 келіде белдесетін Қазақстан құрамасының балуаны Ибрагим қола үшін белдесуде ирандық қарсыласынан 4:3 есебімен басым түсті. Магомадов бұл жарыста бозкілем қожайыны Ақжол Махмұдовтан жығылған еді.
Азия қоласы 33 жастағы Ибрагимнің жаңа салмақтағы алғашқы жетістігі. Былтырғы Азия чемпионатында Ибрагим Магомадов 72 келі салмақта жеңімпаз атанған болатын.