Күрес түрлері
18 қыркүйек 2023 09:27

Күрестен ӘЧ-де қазақ балуаны алтынға белдеседі

©

Ризабек Айтмұхан Белградта өтіп жатқан күрестен әлем чемпионатының финалына жолдама алды, деп хабарлайды ҚР Туризм және спорт министрлігі Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі.

Ұлттық құрама спортшысы 92 келідегі жартылай финалда грузиялық Мириани Майсураздені жеңді. Есеп: 8-1.

19 жастағы қазақ балуаны доданы 2-айналымнан бастады. Әуелі мажарстандық Балаш Юхашты, сосын түркиялық Фейзулла Ақтүрікті таза ұтты. Енді Ұлттық құрама спортшысы ертең кешке əзірбайжандық Осман Нурмагомедовпен алтын медальді сарапқа салады. Осылайша, қазіргі таңда Ризабек кемі күміс жүлде иеленіп тұр. 

"Ширек және жартылай финалдағы қарсыласым мықты болды. Қазір олар әлем рейтингінде менен жоғары тұр. Фейзулла Ақтүріктен осыған дейін 2 рет жеңілгенмін. Бүгін сәтін салып, есе қайтардым. Осы жекпе-жектен кейін бойымда сенімділік пайда болды. Грузиялық палуанды барынша шаршатуға тырысып, дегеніме жеттім. Ертең финалда барымды салып, елімізге алтын медаль алып қайтуға барымды саламын",- деді Ризабек Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметіне берген сұхбатында.

Ризабек Айтмұхан – биыл еліміздің ғана емес, әлемдік күрес мамандарының жоғары бағасын алған бозкілем шебері. Ол жылдың басында Алматыда өткен күрестен ҚР-ның VI жазғы Спартакиадасында чемпион атанды. Осыдан кейін көктемде Астанада өткен ересектер арасындағы Азия чемпионатында күміс жүлдеге ие болды. Сондай-ақ, Амман қаласында өткен жастар арасындағы әлем чемпионатында 2-орын алды.

Айта кетейік, еркін күрестен егемендік жылдары қазақстандық балуандар әлем чемпионатында 16 жүлдеге қол жеткізген. Оның бесеуі күміс, қалғаны қола. Ризабекке дейін дүниежүзі додасының финалында Нұрқожа Қайпанов күрескен (70 кг, 2019 жылы Нұр-Сұлтан қаласы).

Айта кетейік, 92 кг дейінгі салмақ Олимпиада бағдарламасына кірмейді.

Vesti.kz сайтын осы әлеуметтік желілерінде оқыңыздар

@vestisport @vestikzsport

Vesti-де Tik Tok та бар @vestikzsport