19 жастағы қазақ балуан ӘЧ-де тарихымызда болмаған жүлде жеңіп алды
Қазақ балуаны Ризабек Айтмұхан еркін күрестен 92 келіге дейінгі салмақта әлем чемпионы атанды. Белград боз кілеміндегі финалда отандасымыз әзербайжандық спортшы Осман Нұрмогамедовті жеңді, деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Қазақ балуаны Ризабек Айтмұхан еркін күрестен 92 келіге дейінгі салмақта әлем чемпионы атанды. Белград боз кілеміндегі финалда отандасымыз әзербайжандық спортшы Осман Нұрмогамедовті жеңді, деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Финалдық белдесу тартысты басталды. Алғаш болып әзербайжандық балуан ұпай алды. Екі ұпаймен алға шыққан қарсыласынан Ризабек белдесу аяқталар тұста айласын асыра білді.
Ризабек тәуелсіз Қазақстан тарихында еркін күрестен әлем чемпионы атанған алғашқы қазақ балуаны.
Отандасымыз 1/8 финалда мажар елінің спортшысы Балаш Юхашты 13:3 есебімен жеңді. Одан кейін түрік балуаны Фейзулла Ақтүріктен 11:0 есебімен айласын асырды. Ал жартылай финалда грузин балуаны Мириан Майсурадзені 8:2 есебімен айқын ұтып шықты.
Ризабек Айтмұхан – биыл еліміздің ғана емес, әлемдік күрес мамандарының жоғары бағасын алған бозкілем шебері. Ол жылдың басында Алматыда өткен күрестен ҚР-ның VI жазғы Спартакиадасында чемпион атанды. Осыдан кейін көктемде Астанада өткен ересектер арасындағы Азия чемпионатында күміс жүлдеге ие болды. Сондай-ақ Амман қаласында өткен жастар арасындағы әлем чемпионатында 2-орын алды.
Айта кетейік, еркін күрестен егемендік жылдары қазақстандық балуандар әлем чемпионатында 16 жүлдеге қол жеткізген. Оның бесеуі күміс, қалғаны қола еді. Бұйырмай жүрген алтын медальды алғаш болып Ризабек жеңіп алды.
Бұған дейін Белградтағы әлем чемпионатында 86 келіге дейінгі салмақта Азамат Дәулетбеков қола жүлде еншілеп, Париж Олимпиадасы жолдамасын иеленген еді.
Жарнама