Зимняя Олимпиада
15 ақпан 2022 02:07

"Үшінші Олимпиадам". Жанбота Алдабергенова жарыстан кейін мәлімдеме жасады

©zimbio.com

Бейжің-2022 Қысқы Олимпиадасында фристайлдың акробатика түрінен жүлдеден үмітті отандастарымыздың арасында Жанбота Алдабергенова жарыс жолына шықты. Өкінішке қарай іріктеуде өзі жоспарлағандай ұпай жинай алмаған отандасымыз жалпы есепте 13-орын иеленді. 

"Кешегіге қарағанда, бүгінгі күн райы жақсы болды. Қар жауған жоқ, күннің көзі жарқырап тұрды. Кешегі жаттығу кезінде біз екі реттен секірдік. Сенесіз бе, біздің жылдамдығымыз азайып кетті. Мәселен, үш айналым секіруді орындау үшін сағатына 65 шақырым жылдамдықпен келу қажет. Ауа райының қолайсыздығына байланысты бұл жылдамдықты да ала алмадық. Егер жарысты кеше өткізгенде, жарақат көп болушы еді. 

Алғашқы мүмкіндігінде мен өте қымбат элементті орындадым. Одан да қиындау элементті финалға сақтаған едім. Өкінішке қарай, іріктеуден өте алмадым. Секіруді өте керемет орындасам да, жерге түсерде қателік кетті. Егер бәрін жаттығудағыдай орындағанда финалға бірінші орынмен шығар ма едім?! Өкінішке қарай, бұлай болмады... Екінші секіру кезінде сәл оңайлау элементті орындадым. Бәрін әдемі жасағаныма сенімді едім. Алғашында біз бірінші секіруден соң-ақ, финалға шығамыз деп ойлағанбыз. Жақсы орындап шықтым, бірақ төрешілерге ұнамады. Нәтижесінде, Олимпиаданы ерте аяқтадым" - деді спортшы Vesti.kz тілшісіне берген сұхбатында. 

Тәжірибелі спортшы командаласы Ақмаржан Қалмұрзаеваның финалға шығуына қатысты пікір білдірді.

"Қалмұрзаеваның Олимпиада финалына шыққанына қуаныштымын. Бірінші мүмкіндігін ол тура іріктеудегідей орындап жатқан. Бірақ бір жерден қате жіберген болуы керек. Спортшы ретінде оны жақсы түсінемін. Бұл әлем кубогі емес, бұл – Олимпиада. Екінші рет секірген кезінде төрешілер, тіпті, төмендетіп тастады. Қорытынды қандай болса да, ол бірінші рет Олимпиада финалына шықты. Соны мақтан етемін. Бұл менің үшінші Олимпиадам. Бірінші ойынға барарда қорқыныш болған. Себебі, Олимпиаданың не екенін білмедім. Екінші рет Олимпиадаға үлкен үмітпен аттандым. Өйткені, Сочиде финалға шықтым ғой. Нәтижемді жақсарта түскім келген. Мен ойлағандай болмады. Бұл – спорт. Өте қиын спорт түрі. Жыл өткен сайын ережелер қиындай түсуде. Қазір үш айналым секіру элементін орындамасаңыз, жарысқа барудың қажеті жоқ. Бізге жанкүйер болып, қолдау көрсеткен жандарға алғысымды айтамын", - деді Алдабергенова.

Еске салайық, Жанбота Алдабергенова 2014 жылы Сочи Олимпиадасында 6-орыннан көрінсе, 2018 жылы Оңтүстік Кореняның Пхенчханында өткен төртжылдықтың басты додасында 13-орыннан ары аса алмады. 

Vesti.kz сайтын осы әлеуметтік желілерінде оқыңыздар

@vestisport @vestikzsport

Vesti-де Tik Tok та бар @vestikzsport