Волейбол
2 қараша 2021 12:34

Волейболдан жамағат арасындағы турнир аяқталды

©Апельганец

Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасының басшылығымен шаһар мешіттерінің жамағаты арасында волейбол турнирінің финалдық ойындары өтті, деп жазады Vesti.kz.

Бір ай бойы өзара бақтарын сынап, 8 ауданнан үздік шыққан командалар финалдық кезеңде Алматы қаласының жеңімпазын анықтады. Ұйымдастырушылар тағайындаған сыйлықтар да бағалы болғандықтан, әр команда алаңда барын салып қызықты ойын өрнегін көрсетті. 8 команда арасынан оза шапқан Бостандық ауданының "Орбита" командасы мен Наурызбай ауданына қарасты "Ибраһим" мешітінің "Энерго" командасы жарыстың бас жүлдесін өзара сарапқа салды. Құрамында Ержан Әбдірасылов, Дастан Есқожа, Оразхан Қалназаров сынды волейболшылар өнер көрсеткен "Орбита" командасы қарсыластарын екі сетте де 25-21 есептерімен ұтып үшінші рет ұйымдастырылған жамағат арасындағы жарыстың жеңімпазы атанды. Наурызбай ауданының "Энерго" командасы күміс жүлдегер атанса, Алатау аданының "Нұр-мүбәрәк" волейболшылары жүлделі үштікті түйіндеді. Олар өз кезегінде Түркісіб ауданына қарасты "Әлмерек" мешітінің "Елтай" волейболшыларын қапы қалдырды.

Жеңімпаз және жүлдегер атанған командалар кубок, диплом, медаль және бағалы сыйлықтармен марапатталды.

"Асыл мұра" бағдарламасы аясында ұйымдастырылған спорттық шараның негізгі мақсаты – мешіт жамағаты арасында дене шынықтыру мен спортты, салауатты өмір салтын насихаттау. Сонымен қатар исламның дәстүрлі емес ағымының жетегінде жүрген жандарға асыл діннің оң жолын көрсету арқылы оларды бауырға тарту.

Айта кетер жайт, осыған дейін мешіт жамағаты арасында өткен футбол турниріне 3000 мыңнан аса адам қатысқан болатын. Ал волейбол турнирінде қаладағы мешіттер командалары алдымен өзара аудандық сайыста бақ сынап, үздіктерді анықтаған болатын.

 

Vesti.kz сайтын осы әлеуметтік желілерінде оқыңыздар

@vestisport @vestikzsport

Vesti-де Tik Tok та бар @vestikzsport