Теннистен Қазақстан әйелдер құрамасының көшбасшысы Елена Рыбакина Алматы қаласына келді, деп хабарлайды Vesti.kz тілшісі ҚТФ ресми сайтына сілтеме жасап.
Спортшы журналистермен өткен баспасөз мәслихатында Уимблдондағы табысы, сондай-ақ жаңа маусымдағы ой-жоспарымен бөлісті.
"Ең алдымен мені жылы қабылдағандарыңыз үшін алғысымды айтамын. Уимблдондағы жеңістен кейін Астанаға ұшып келіп, жанкүйерлеріммен кездестім. Астанадан кейін Алматыға келуім керек еді. Бірақ өзімді жайсыз сезінгендіктен, сапарымды кейінге қалдырдым. Міне, соның сәті енді туып отыр. Осында сіздермен әңгіме дүкен құрып, жас теннисшілермен шеберлік сағатын өткізуге мүмкіндік алғаныма қуаныштымын", - деді Рыбакина.
Елена Рыбакина желтоқсан айының ортасында Әбу-Дабиде өтетін көрме-жарысқа қатысатынын, сосын Дубайда жаңа маусымға дайындалатынын жеткізді. Қазақстанның бірінші ракеткасының жаңа жылдағы алғашқы жарысы Аустралияның ашық чемпионаты болмақ.
Баспасөз мәслихатынан кейін теннис орталығының тәрбиеленушілері атақты спортшымен кортқа шықты. Елена балалармен бірге жаттығып, шеберліктерін арттыру бағытында ақыл-кеңесін айтып, сұрақтарына жауап берді.