Қазақстан құрамасының көшбасшысы Елена Рыбакина әлемдік рейтингте ресми түрде 12-орынға көтерілді, деп хабарлайды Vesti.kz тілшісі.
Бүгін, 16 қаңтарда Әйелдер теннисі қауымдастығының (WTA) жаңартылған рейтингі жарияланды.
Осыған дейін 13-орында тұрған отандасымыз америкалық Совия Кенинді небәрі үш ұпайға басып озды.
11-орынға 2968 ұпайы бар ресейлік Анастасия Павлюченкова жайғасса, тунистік Онс Жабер 3500 ұпаймен ең үздік ондықты түйіндеп тұр.
Қазақстан теннисінің тарихында бұрын-соңды ешқандай спортшы 12-орынға дейін көтерілмеген.
Қазақстан намысын қорғайтын тағы бір отандасымыз Юлия Путинцева рейтингте бір саты жоғарылады. Қазір Путинцева 1400 ұпаймен 42-орында. Сонымен қатар, төрт саты жоғарылаған Зарина Дияс 732 баллмен 104 орынға шықты.