Әлемнің 23-ракеткасы Юлия Путинцева Аустралия ашық чемпионатының екінші айналымына шықты, деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Қазақстандық теннисші бастапқы кездесуін дүниежүзілік рейтингіде 41-орында тұрған армениялық Элина Аванесянмен өткізді.
Бірінші партияда армениялық теннисші сәттірек ойнады - 6:4. Екінші сетте Путинцева брейкпен алға кетті - 2:0. Бірақ сетке доп бергенде Аванесян таразы басын теңестірді - 5:5. Дегенмен Юлия тағы бір брейк жасап, дегеніне жетті - 7:5. Үшінші, шешуші партияны да Путинцева брейкпен бастады - 2:0. Сосын тағы бір брейкпен есепті 5:2-ге жеткізді. Содан кейін матчқа доп бергенде есесін жіберген жоқ - 6:2.
Юлия Путинцева үшінші айналымға шығу үшін рейтингіде 204-сатыдағы қытайлық Чжан Шуаймен шеберлік байқастырады.
Еске салайық, бұған дейін Қазақстанның бірінші ракеткасы Елена Рыбакина Аустралия ашық чемпионатын сәтті бастағанын жазған едік. Ол бірінші ойында қарсыласын айқын басымдықпен ұтып шықты.