Әйелдер теннисі қауымдастығы (WTA) жекелей және жұптық сында жаңартылған рейтингіні жария етті.
Жекелей сында Польша өкілі Ига Швентек бұрынғыша көш бастаса, Қытайдағы Ухань WTA 1000 турнирінің жеңімпазы атанған белоруссиялық Арина Соболенко екінші орында келеді.
Америкалық Кори Гауфф отандасы Джессика Пегуланы ығыстырып, үздік үштікке енді.
Қазақстанның бірінші ракеткасы Елена Рыбакина 5-орында қалса, Уханьда үшінші айналымға дейін жетіп, А.Соболенкоға есе жіберген Юлия Путинцева 35-тен 32-ге жоғарылады.
Жұптық сында әлемдік рейтингіде Катержина Синякова (Чехия), Эрин Рутлифф (Жаңа Зеландия) және Людмила Киченок (Украина) алда тұр.
Уханьда жұптық сында жеңімпаз атанған қазақстандық Анна Данилина 31-ден бірден 22-орынға көтерілді.