Испания
26 тамыз 2020 18:42

"Барселона" Лионель Мессиді сататын болып шешті

Лионель Месси. Сурет: Reuters©
Испаниялық "Барселона" сотқа дейін бармай команда капитаны Лионель Мессиді сататын болып шешті,-деп хабарлайды AS. 

Кеше Мессидің "Барселона" басшыларына келісімшартты бұзғысы келіп, факс жібергені туралы ақпарат шықты. Бұл ақпаратты команда басшылары да растады. Шабуылшы келісімшартты бір жақты бұзбақшы. Ол соңғы рет келісімшарт жасағанда, әр маусымның соңында егер өзі қаласа келісімшартты бұза алады деген пунктті пайдаланғысы келіп отыр. Бірақ ол жағдай негізі тек 10 маусымға дейін жарамды болған. Аргентиналық шабуылшы биылғы маусым коронавирусқа байланысты созылып кеткенін алға тартып, келісімшартта көрсетілген пунктті өзгертуге болатынына сенімді. 

Басылымның мәліметі бойынша, "Барселона" басшылары бұл мәселе үшін Мессимен соттасқысы келмейді екен. Өйткені пандемияға байланысты онсыз да клубтың бюджеті азайып қалған. Сол үшін клуб бұл жағдайды барынша тиімді пайдалануды көздеуде. 

Клуб жетекшілері Мессидің трансфері әлем футболындағы ең қымбат трансфер болғанын қалап отыр. Қазір клуб аргентиналық шабуылшы үшін Неймардың трансферінен біраз еуро артық ақша сұрауда. Еске салайық, 2017 жылы ПСЖ командасы Неймар үшін "Барселонаға" 222 миллион еуро берген болатын 

Месси - "Барселона" тәлімгері. Ол командаға 2000 жылы қосылып, бүкіл карьерасын осы ұжымда өткізген. Биыл шабуылшы 44 кездесуге қатысып, 31 гол соғып, 26 голдық пас берді.