Matchroom Boxing промоутерлік компаниясы 20 тамыз күні Джидда (Сауд Арабиясы) қаласында өтетін бокс кешінің андеркардында өнер көрсететін боксшылардың тізімін жариялады, деп жазады Vesti.kz тілшісі.
Бұл бокс кешінің басты айқасында аса ауыр салмақта WBA Super, IBF және WBO белбеулерінің иегері украиналық Александр Усик (19-0, 13 KO) ұлыбританиялық Энтони Джошуаға (24-2, 22 KO) қарсы екінші кездесуін өткізеді.
Басты жекпе-жектің алдында шаршы алаңға хорватиялық Филип Хргович (14-0, 12 KO) пен қытайлық Чжан Чжилэй (24-0-1, 19 KO) шығады. Бұл боксшылар аса ауыр салмақта IBF белбеуінің иегеріне міндетті қарсыласты анықтайды.
Екі салмақ бойынша әлемнің бұрынғы чемпионы швециялық Баду Джек (25-3-3, 15 KO) бірінші ауыр салмақта (90,7 келіге дейін) америкалық Ричард Риверамен (21-0, 16 KO) қолғап түйістіреді.
Ал оның алдында Бүкіләлемдік бокс суперсериясында (WBSS) өнер көрсеткен америкалық Эндрю Табити (19-1, 15 KO) бірінші ауыр салмақта (90,7 келі) суринамдық Тайрон Спонгпен (14-0, 13 KO) кездесу өткізеді.