Қазақстандық боксшы Бек Нұрмағанбеттің (6-0, 4 KO) АҚШ жерінде өткізетін алғашқы кездесуіндегі қарсыласы анықталды, деп жазады Vesti.kz тілшісі.
Нұрмағанбет келесі кездесуін 4 маусым күні өткізеді. BoxRec ақпараты бойынша, оның қарсыласы 28 жастағы америкалық Хайнелл Уилер (7-1, 6 KO) болады.
Бұл кездесу төрт раундқа жоспарланған. Аталған жекпе-жек 4 маумсын күні Миннеаполис (Миннесота, АҚШ) қаласында Tom Brown (TGB Promotions) промоутерлік компаниясы ұйымдастыратын бокс кешінде болады.
Ал осы бокс кешінің басты айқасында америкалық Стивен Фултон отандасы Даниэль Романомен екінші жеңіл салмақта WBC және WBO белбеуіне таласады.
Айта кетейік, Нұрмағанбет осыған дейінгі кездесулерін Беларуь, Ресей және Қазақстанда өткізген. Отандасымыз бірінші мәрте мұқиттың арғы жағында жұдырықтасады.
Еске салайық, Нұрмағанбет әуесқой бокста Қазақстан құрамасында көшбасшылардың бірі болды. Былтыр ол Белградтағы әлем біріншілігіне қатысты. Бірақ бірінші айналымнан аса алмай қалды. Ол 2019 жылы Азия чемпионы атанған болатын.