Екінші орта салмақта WBA World белбеуінің иегері кубалық Давид Моррелдің (8-0, 7 КО) бас бапкері Ронни Шилдс Айдос Ербосынұлын сенімді жеңгеннен кейін оның шәкірті осы салмақта әлемнің абсолют чемпионы мексикалық Сауль "Канело" Альвареспен (58-2-2, 39 КО) кездесуге дайын екенін айтты, деп жазады vRINGe.com порталы.
Бірақ бапкер дәл қазір "Канело" бұл ұсынысты қабылдайды дегенге сенбейді.
"Мен Давидтің Бенавидес немесе Плэнт секілді боксшыларды қуғанын қаламаймын. Бенавидес тіпті екінші деңгейлі белбеудің иегері. Моррел "Канеломен" кездескісі келеді. Алайда "Канело" Давидпен жұдырықтасқысы келмейді. Енді не болмақ? Бұл сұрақты менеджерлерге қойғаныңыз дұрыс. Мен қарсылас кім болса да мықты жоспар құрып беремін.
Маған Моррелді мықты бабына жеткізу үші екі не үш жекпе-жек керек. Сенбі күні сіздер осыдан екі кездесу бұрынғы емес, басқа Давидті көрдіңіздер. Ол өзі қалағанша шаршы алаңның ортасын бақылауда ұстады. Тек бір-екі рет артқа шегінді. Сол кезде мен оған ұрысып алдым. Жалпы ол біз құрған жоспарды 100 пайыз орындады", - деді Шилдс.