Америкалық бапкер Роджеро Ромо Vesti.kz тілшісіне берген сұқбатында орта салмақтағы қазақстандық Қанат Ислам (28-1, 22 KO) соңғы кездесуінде неге жеңіліп қалғанын түсіндірді. Әңгіме барысында маман Олимпиада жүлдегері атанған боксшының жоспарлары туралы да айтты.
Еске салайық, Ислам соңғы кездесуін ақпан айында Плант-Сити (Флорида штаты, АҚШ) қаласында Джимми Келлиге (26-2, 10 КО) қарсы өткізді. Орта салмақта WBO Global белбеуі сарапқа салынған бұл айқаста қазақстандық боксшы төрешілердің шешімі бойынша жеңілді. Енді Ислам жазда шаршы алаңға қайта оралуға ниетті.
"Менің ойымша, Ислам әлем чемпионы болады. Қазір ол Окснард қаласында. Менімен бірге дайындалуда. Жігерлі. Соңғы жеңіліс - Қанаттың шын мәнінде қандай боксшы екенін көрсетпейді. Кейінгі жепке-жегі кезінде оның командасы болмады. Енді бұл жеңілістен сабақ аламыз. Ақылдасамыз. Дұрыс дайындық болмады. Бұдан бұлай біздің команда мұндайға жол бермейді.
Қазіргі уақытта оның келесі кездесуі туралы келіссөз өтуде. Жекпе-жектің нақты қашан өтетіні белгісіз. Жуырда барлығын білеміз. Менің мақсатыма келетін болсақ, Қанатты жақсылап дайындау. Менің әріптесім Сисилио Флорес - физикалық дайындыққа жауап беретін мықты маман. Ол Василий Ломаченко мен Серхио Мартинеске көмектескен. Мен де көптеген чемпиондармен жұмыс істегенмін. Сондықтан тәжірибеміз бар. Сол тәжірибені Қанат Исламға береміз. Ол біздің бауырымыз секілді. Біз оған жақсылап көмектесіп, қайта жоғары деңгейге көтереміз", - деді Ромо.
Айта кетейік, Келли өткен аптада бір кездесу өткізіп үлгерді. Ол мексикалық Хайме Мунгиямен (40-0, 32 KO) бірінші орта салмақта жолығып, бесінші раундта нокаутпен жеңілді.