Олимпиада-2020
13 қараша 2020 09:46

Токио Олимпиадасына қатысушылар карантинге оқшауланбайды - Тоширо Муто

Сурет: Associated Press

Олимпиада ұйымдастырушылары спортшылар Токиоға келгеннен кейін 14 күн оқшауланбайтынын мәлімдеді, - деп хабарлайды Reuters.

Ұйымдастыру комитетінің айтуынша, спортшылар Жапонияға келгенге дейін 72 сағат ішінде коронавирусқа тест тапсырады, бірақ мұны әлі де егжей-тегжейлі ойластыру керек.

"Токио Олимпиадасына қатысуға құқы бар спортшылар, жаттықтырушылар мен ресми тұлғаларға Жапонияға келгенге дейін тиісті шаралар қабылданған жағдайда елге кіруге рұқсат етіледі", - деді Токио-2020 ұйымдастыру комитетінің басшысы Тоширо Муто баспасөз мәслихатында.

Халықаралық Олимпиада комитетінің (ХОК) басшысы Томас Бах келесі аптада Жапонияға үш күндік сапармен келуге ниетті, сол кезде коронавирусқа қарсы шешімдер мен шаралар нақтылануы тиіс. 

"Келесі жылдың көктеміне қарай біз шетелдік көрермендерге жоспар дайындаймыз. Барлығын 14 күндік карантинге жатқызу мүмкін емес, сондықтан олар келгенге дейін және келген кезде тест тапсыруы керек", - деді Тоширо Муто. Ол шешім пандемияға байланысты қабылданатынын атап өтті.