Олимпиада
30 шілде 2021 11:19

"Техникаға көбірек мән беретінбіз". Олимпиада чемпионы Бахыт Сәрсекбаев әуесқой бокста не өзгергенін айтты

Сурет: Dialog.kz

2008 жылы Бейжің Олимпиадасында "қазақтың салмағы" деп аталып кеткен 69 келіде қазақтың қос бірдей баласы жүлделі орыннан көрінген еді. Сол кезде Қытайдың атынан қатысқан Қанат Ислам қола жүлдегер атанса, Бахыт Сәрсекбаев ұлттық құрама қоржынына жалғыз алтынды салған болатын. Бүгінгі таңда отандық телеарналардың бірінде бокс сарапшысы болып жүрген Бахыт Сәрсекбаев Жапониядағы жарыста сынға түсіп жатқан спортшыларымыздың өнеріне бағасын берді.

- Бахыт аға, Әбілхан Аманқұл мен Қамшыбек Қоңқабаев алғшақы жекпе-жектерін жеңіспен бастады. Токиодағы боксшылардың өнеріне қандай баға бересіз?

- Әбілхан Аманқұл өзінің туған күнінде керемет сыйлық жасады. Олимпиададағы алғашқы жеңісімен құттықтаймыз. Қазақ боксының деңгейін көрсете білді. Алдағы жекпе-жектерінде сәттілік тілейміз. Қамшыбек Қоңқабаев та жоғары деңгейде жұдырықтасып шықты. Шын жүректен құттықтаймыз. Келесі айналымда құрама капитаны ресейлік былғары қолғап шеберімен шығады. Ресейліктің әлеуеті жоғары деп айта алмаймын. Сондықтан Қамшыбек қарсыласын еш қиындықсыз ұтуы тиіс. Токио төрінен бүкіл ел болып боксшыларымыздан жүлде күтеміз. Жалпы боксшыларымыз Олимпиада ойындарынан ешқашан алтынсыз қайтқан емес.

- Кезінде сіз қатысқан Бейжің Олимпиадасы мен Токио ойындарының қандай айырмашылықтары бар? Содан бері бокс қаншалықты өзгерді?

- Әрине айырмашылық бар. Қазіргі таңда көбінесе соққыға көңіл бөледі. Біздің кезімізде шеберлікке көн мән беретінбіз. Әдемі бокс көрсетуге, техника көрсетуге ұмтылатынбыз. Мысалы, 2004 жылы Афинада Бақтияр Артаев қазақ боксының мықтылығын дәлелдеді. 2008 жылы Бейжің Олимпиадасында Кубаның алты былғары қолғап шебері финалға жолдама алды. Ең соңғы болып шыққан "бостандық аралының" өкілі менен жеңіліп қалған еді. Өз кезегінде мен де кубалықтарды қалай ұту керегін дәлелдедім. Сол жылы Куба командасы соңғы қырық жылда бірінші рет Олимпиададан алтынсыз қайтқан болатын. 2012 жылы Лондондағы Жазғы ойындарында Серік Сәпиев әдемі боксымен көрермен көзайымына айналды. Сондықтан Токио төріндегі жігіттерімізге дәстүрді жалғастырып, елге алтынмен оралуын тілейміз, - дейді Олимпиада чемпионы Vesti.kz тілшісіне берген сұхбатында.   

Vesti.kz сайтын осы әлеуметтік желілерінде оқыңыздар

@vestisport @vestikzsport

Vesti-де Tik Tok та бар @vestikzsport