Таеквондодан Қазақстан құрамасының бас бапкері Олимпиада ойындарындағы сәтсіздік себебін түсіндірді
Таеквондодан Қазақстан командасының аға жаттықтырушысы Батырбек Есдәулетов Токио Олимпиадасыдағы спортшылар сәтсіздігін түсіндіріп, Olympic.kz сайтына сұхбат берді.
Таеквондодан Қазақстан командасының аға жаттықтырушысы Батырбек Есдәулетов Токио Олимпиадасыдағы спортшылар сәтсіздігін түсіндіріп, Olympic.kz сайтына сұхбат берді.
- Батырбек, Токио ойындары аяқталды. Ел намысын қорғаған екі спортшымыз да екінші Олимпиадасынан жүлдесіз оралып отыр. Жақсы көрсеткіш үшін не кедергі болды деп ойлайсыз?
- Расында, біздің екі спортшымыз да тәжірибелі. Екеуі де ірі халықаралық жарыстарда ел қоржынына жүлде салып жүрген жандар. Сондықтан, бұл Олимпиадада алысқа шабады деп ойладық. Өкінішке қарай, бәрі біз ойлағандай болған жоқ. Жеңілістің себептері көп. Медаль алу жолында бірқатар кедергілер кездесті. Руслан Жапаров та, Жансель Дениз де бар күшін салды. Физикалық тұрғыдан еш мін болған жоқ. Жарыс басталғаннан аяқталғанға дейін шаршамай, бір деммен өтетін жағдайлары бар еді. Бұл жерде спортшылар психологиялық тұрғыдан дайын болмай шықты.
- Психология жағы ақсап тұр дедіңіз. Нақты қандай жағдайлар спортшыларға әсер етті?
- Біріншіден, лицензиялық турнирдің өту мерзімі бірнеше рет ауыстырылды. Олимпиадаға іріктеу бәсекесін күтудің өзі үлкен уайымға салды. Сақадай сай болып, жарысқа дайын отырғанда турнирдің өту мерзімін белгісіз уақытқа ауыстыра салатын. Міне, Олимпиада басталғанға дейін жолдама бола ма, жоқ па деген оймен спортшыларымыз әбігерге түсті. Турнир өткізілмей, әлемдік рейтинг бойынша лицензия таратылады деген сыбыс та шықты. Осының бәрі таеквондошыларға психологиялық тұрғыдан соққы болды. Сондай-ақ, Олимпиада кезінде вирус жұқтырып алмайық деген қорқыныш та мазалады. Өйткені, ковидке байланысты қаншама спортшының, қаншама команданың жарыстан шығып қалғанын көрдік. Бұл да атлеттердің жүріп-тұруына, алаңсыз дайындалуына әсер етті деп ойлаймын.
- Физикалық тұрғыдан еш кемшілік болмағанын айттыңыз. Спортшыларды жарақаты мазалаған жоқ па?
- Өкінішке қарай, жарақат айналып өткен жоқ. Руслан Жапаров лицензиялық турнирге жарақатымен барды. Қуанышқа қарай, жолдама иеленіп, бәрімізді қуантып тастады. Турнирден елге оралған соң, Жапаров емделуге кірісті де, Азия біріншілігіне барған жоқ. Құрлық додасына тек Жансель Дениз барып, күміске қол жеткізді. Русланның салмағындағы тағы бір спортшымыз Смайыл Дүйсебайдың да жарақаты бар. Сол себепті, оны оқу-жаттығу жиындарына шақырған жоқпыз. Жалпы, осындай ауыр салмақтарда бізде бәсекелестік аз. Алдағы уақытта осыны реттеуге күш саламыз.
- Олимпиада қарсаңындағы дайындық туралы не айтасыз? Жаттығу жиындары толығымен өткізілді ме?
- Ұлттық Олимпиадалық комитет ел ішінде жаттығу үшін бар жағдайды жасады. Пандемия кезінде санитарлық талаптарды сақтай отырып, бірнеше рет оқу-жаттығу жиыны өткізілді. Спортшылардың басын қосып, дайындықты үзген жоқпыз. Алайда, шетелдік командалармен бірлескен оқу-жаттығу жиынын өткізе алмадық. Себебі, коронавирусты инфекцияның алдын алу мақсатында ҰОК елде дайындалғанымыз дұрыс екенін айтты.
- Токио қарсаңында таеквондодан халықаралық жарыстар мүлдем аз өткен сияқты...
- Біздің спортшыларға жарыс тәжірибесі де жетіспеді деп ойлаймын. Еуропа елдеріндегі командалар G санатындағы болмаса да, кішігірім халықаралық турнирлерге қатысып, спортшыларды біраз шыңдап алды. Ал біздің команда болса жарыс атмосферасын көптен сезінген жоқ. Біраз уақыт бойы ірі жарыстарға қатыспағанымыздың да кері әсері тигені анық.
- Енді алда қандай жоспарлар күтіп тұр?
- Қазір командаға аздаған үзіліс бердік. Демалыстан оралған соң қайтадан жаттығуды бастап, құрлықтық және әлемдік жарыстарға дайындаламыз.
Жарнама