Каратэші Нұрқанат Әжіқанов Олимпиада ойындарында қалай жүлдеге жеткенін айтып берді
Токио Олимпиадасына қатысқан ең жас қазақстандық спортшылардың бірі - каратэші Нұрқанат Әжіқанов төртжылдық додасындағы көрсеткішіне қатысты өз пікірін айтты.
Токио Олимпиадасына қатысқан ең жас қазақстандық спортшылардың бірі - каратэші Нұрқанат Әжіқанов төртжылдық додасындағы көрсеткішіне қатысты өз пікірін айтты.
"Олимпиада аяқталды. Бұл менің өмірімдегі ең үлкен асулардың бірі десем, артық емес. Себебі, мен сырттан ғана бақылап, өнеріне тәнті болған әйгілі каратэшілермен кездесіп, оларды да жеңуге болатынын түсіндім. Мұндай мүмкіндік берілгені үшін қуаныштымын. Бірақ топтан шықпағаным үшін өкінгенім рас. Іріктеуде германиялық спортшыны жеңгенімде, жарысты жалғастыруға, тіпті, жүлде алуға болатын еді. Өткен өтті.
Негізі, жасымның жетпеуіне байланысты каратэден жыл бойы өтетін рейтингілік жарыс – Премьер-лига турниріне қатыса алмадым. Менің салмағымда Ермек Айназаров ел намысын қорғап жүрді. Бірақ тізесінен жарақат алған соң, соңғы лицензиялық турнирде бапкерлер маған сенім артты. Парижге барарда қалайда жолдама алуды мақсат еттім. Өйткені, бұл Токио ойындарына апаратын ең соңғы билет еді.
Топтық жарыста алғашқы екі кездесуде жеңіске жетуді көздедім. Алғашында Австралия өкілі Цунзари Яхироны сенімді ұттым. Ал германиялық Ноа Битщке кездесудің аяқталуына 4 секунд қалғанда ұпай беріп қойдым. Бұл да тәжірибенің аздығынан, ірі жарыстардың дуына түспегенімнен шығар. Кейін италиялық спортшы, екі дүркін әлем чемпионы Луиджи Бусаны ұттым. Бұл кездесу маған сенімділік сыйлады. Өйткені, осы Олимпиадада Бусаны мен ғана жеңген екенмін.
36 жастағы әзірбайжандық Рафаэль Агаевпен жолығып, 2:3 есебімен жол бердім. Агаев та, Буса да дәл осы салмақта талай жылдан бері салтанат құрып, әлемдік сынның медальдарын өзара бөлісіп жүрген кәнігі батырлар. Мен олардың каратэ әлеміндегі сапарын 2012 жылдан бері бақылап келем. Араға жылдар салып, екі алыппен Токиода жолым түйісті. Біреуін жеңдім, біреуінде есем кетті. Бірақ мұның бәрі мен үшін баға жетпес тәжірибе болғаны анық", - дейді Әжіқанов.
Жарнама