Азиада
6 тамыз 2021 20:21

"Жеңсең биікке көтеріп, жеңілсең жерге тығады". Зәкір Сафиуллин Токиодан кейінгі жағдай туралы

Сурет: olympic.kz©. Сали Сабиров©

Бокстан Қазақстан құрамасы Олимпиада ойындарының тарихында тұңғыш рет алтынсыз қалды. Токиодағы төрт жылдықтың жарысын спортшыларымыз үшін ең сәтсізі деп айтуға болады. Жүлдеге үміткер былғары қолғап шеберлерінің арасында Зәкір Сафиуллин де бар. Өкінішке қарай, 63 келіге дейінгі салмақтың ширек финалында жерлесіміз австралиялық Гарри Гарсайдқа 2:3 есебімен ұтылған еді. Елге табаны тиген бойда Vesti.kz тілшісімен әңгімелескен құрама мүшесі Олимпиадағы кездесулерін қорытындылады.

"Соңғы жекпе-жегімдегі қарсыласпен өзге турнирде кездескенімде айқас басқаша өтер ме еді. Токиода бар күшімді салдым. Өз басым жеңіске жеттім деп ойлаймын. Қателік жасамауға тырыстым. Бұйырғаны осы шығар. Әлеуметтік желіде бізді сынағандар көп болды. Әрине мұндай жарыстарда көңіл-күйді түсірмеу үшін оқымауға тырысамыз. Дегенмен басқа адамдар арқылы не жазып жатқанын естіп қаламыз. Біздің менталитет сондай ғой. Жетістікке жетсең биікке көтереді. Жеңілсең жерге тығады. Қазір демалыс аламын. Отбасымды көрмегелі көп болды. Содан кейін спорттық карьерам жайлы ойланамыз", - дейді Сафиуллин.

Еске салайық, қазақ боксшыларының арасында Сәкен Бибосынов пен капитан Қамшыбек Қоңқабаев қола медальдарын құрама қоржынына салды.

Vesti.kz сайтын осы әлеуметтік желілерінде оқыңыздар

@vestisport @vestikzsport

Vesti-де Tik Tok та бар @vestikzsport