Грек-рим күресінен Париж Олимпиадасының финалына жеткен Демеу Жадыраев белдесулерін қысқаша қорытындылады.
77 келі салмақтағы қазақстандық балуан жартылай финалда әзербайжандық Санан Сүлеймановты жеңіп, Олимпиада финалына өткен еді.
«Олимпиада ойындары болғандықтан, ешбір белдесу оңай болған жоқ. Ешкімді бөліп-жармаймын. Төрткүл дүние көз тіккен жарыс, сондықтан жауапкершілік жүгі ауыр. Әлі де босаңсуға болмайды. Финалда жолығатын жапондық балуанмен бұрын кездесіп, жеңілген едім. Ал жартылай финалдағы әзербайжандық спортшымен оқу-жаттығу жиындарында күресіп жүрміз. Осы белдесуде бас бапкер Юрий Мельниченконың қойған тактикасымен күрестім. Бәрі ойдағыдай шықты. Қолдауларыңызға рахмет. Енді финалды күтеміз», - деді Жадыраев.