"Оңай жеңіс болды деуі мүмкін". Қазақ футзалының шоқ жұлдызы Қазақстан мен Финляндия матчы жайлы
Қазақ футзалының аңыз ойыншысы, ұлттық құраманың экс-капитаны әрі Сербиядағы кәрі құрлық додасының қола жүлдегері Дінмұхамбет Сүлейменов Еуропа чемпионатында Қазақстан мен Финляндия арасындағы матчтан кейін Vesti.kz тілшісімен сұхбаттасып, пікір білдірді.
Қазақ футзалының аңыз ойыншысы, ұлттық құраманың экс-капитаны әрі Сербиядағы кәрі құрлық додасының қола жүлдегері Дінмұхамбет Сүлейменов Еуропа чемпионатында Қазақстан мен Финляндия арасындағы матчтан кейін Vesti.kz тілшісімен сұхбаттасып, пікір білдірді.
- Дінмұхамбет аға, Қазақстан құрамасының ойыншылары топтағы екінші кездесуінде айқын басымдықпен жеңіске жетті. Матч туралы пікіріңізді білдірсеңіз...
- Қазақстан мен Финляндия арасындағы матч тартысқа толы болды. Жалпы кездесудің оңай болмайтынын білдік. Біздің жігіттердің тыңғылықты дайындалғаны көрініп тұрды. "Суоми" командасы бірінші таймда өз деңгейін көрсетті. Мүмкіндікті мүлт жібермей есеп аша алды. Соған қарамастан, біздің ойыншылар да намысты қолдан бермей, керек кезде қажетті голдарын салып отырды. Матч біздің команданың бақылауымен өтті деуге болады. Үзілістен кейін тіпті күшейе түсті. Үшінші гол соғып, одан сайын жігерленді. Өздеріне деген сенімдері арта түсті. Ойынды көрмегендер таблодағы 6:2 есебін көріп, оңай жеңіс болды деп ойлауы мүмкін. Шынтуайтына келгенде олай емес. Қазақстан құрамасы жеңіске жету үшін қаншама тер төкті. Футзалшыларымыздың әрқайсы жеңіске деген үлесін қосқанын айтқым келеді.
- Бас бапкер Каканың командаға қосылуы қаншалықты маңызды болды деп есептейсіз?
- Әрине Каканың орны бөлек. Бірінші ойында Сергей Коридзе басқарғанымен, бапкердің жоқтығы сезілді. Каканың паркетте болуының өзі командаға сенім ұялатады. Ол кісінің кездесу алдындағы жігіттерді дайындауы бөлек. Өзім де Каканың қандай маман екендігін ойыншы кезімнен жақсы білемін. Өзім содан өткенмін. Ойынға дайындалғанда қарсыластың бүге-шүгесіне дейін зерттейді. Каканың паркеттің жиегінде тұрып ойынды басқарғаны жігіттерге білінеді. Біз де бразилиялық жаттықтырушының қалай басқарып отырғанын сезіп, көріп отырмыз. Кака бапкер әр ойыншыға уақыт беріп, дер кезінде алмастырып отырды. Біздің команда тамаша ойын өрнегін көрсете білді. Барша жанкүйер қауымды жарқын жеңісімен құттықтаймын.
Еске салайық, Рикардо Кака Нидерландыда өтіп жатқан кәрі құрлық додасының алғашқы кездесуіне келе алмады. Себебі Еуропа чемпионатының алдында коронавирус инфекциясына қарсы тапсырған тесті оң нәтижесін беріп, бапкер елордада қалған болатын. Оның орнына көмекшісі Сергей Коридзе Словениямен өткен ойында бас бапкердің міндетін атқаруына тура келді. Ал Рикардо Кака қайта тапсырған сынаманың нәтижесі бойынша аты жаман аурудан таза болып шықты. Нәтижесінде ол Голландиядағы футзал тойына аттанып, командаға қосылды.
Гронингемде жерлестеріміз екі ойын өткізіп, 4 ұпай еншіледі. Осының алдында Словениямен 4:4 есебімен тең түсті. Енді 2016 жылғы Еуропа чемпионатының қола жүлдегері 28 қаңтарда Италиямен кездеседі.
Жарнама