Футзалдан Грузия құрамасы Еуропа чемпионатының плей-офф раундына шықты, деп хабарлайды Vesti.kz тілшісі.
Босния және Герцеговина командасымен кездескен грузиндер бірінші таймда гол өткізгеніне қарамастан, үзілістен кейін екі голмен жауап қайтарды. Нәтижесінде Қап тауының өкілдері D тобында 6 ұпай еншіледі. Енді Грузия футзалшылары кем дегенде екінші орынмен топтан шығатын болады.
Грузияның қатысып жатқан тобында Босния және Герцеговина құрамасынан бөлек Әзірбайжан мен Испания ойыншылары бар.
Осыған дейін кәрі құрлық додасының плей-оффына алғашқы екі матчта жеңіске жеткен Ресей құрамасы да жолдама алған еді.
Рикардо Кака баптайтын Қазақстан ойыншылары да турнирдің келесі айналымына шығатын мүмкіндігі бар. Ол үшін 28 қаңтарда жерлестеріміз Италиямен кем дегенде тең түсуі тиіс.
Еске салайық, Қазақстан құрамасы В тобында Словениямен (4:4) тең түссе, Финляндия ойыншыларын (6:2) айқын басымдықпен ұтқан болатын.