Дубайда SWAT Challenge халықаралық жарыстары жалғасып жатыр. Қазақстан атынан биыл алғаш рет әйел жауынгерлердің командасы қатысып жатыр, деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Дубайда өтіп жатқан жарысқа 100-ден астам елдің арнайы бөліністерінің қызметкерлері қатысып жатыр. ІІМ жылдам қимылдайтын арнайы жасағының қызметкерлерінен құралған "Томирис" құрамасы да өз бағын сынап көріп жатыр.
"Әйелдер барлық сыннан сүрінбей өтіп, ерлермен иық теңестіре, жақсы нәтиже көрсетіп келеді. Жарыстың үшінші күнінің қорытындысы бойынша олар 50-ден астам қарсыласын басып озды", - делінген хабарламада.
"Біздің команда бірінші рет осындай ауқымды жарыста бақ сынап жатыр. Біз көптеген ерлер командаларын артта қалдырдық. "Томирис", алға!", - деді Татьяна Долбышева.
Полиция капитаны Долбышева - 2014 жылғы Олимпиада ойындарының қатысушысы. Полицияда 11 жыл қызмет етеді. Конькимен жүгіру спортынан халықаралық дәрежедегі спорт шебері, әлем рекордшысы. Команданың басқа мүшелерінің де спорттық жетістіктері бар.