Қазақша жаңалықтар
8 ақпан 2022 19:44

Бейжің Олимпиадасы: Жарыстың төртінші күні қазақстандық спортшылар қалай өнер көрсетті?

©ҰОК, Тұрар Қазанғапов

Бүгін, 8 ақпан күні Бейжіңдегі қысқы Олимпиада ойындарында төртінші жарыс күні аяқталды. Бүгін біздің бірнеше отандасымыз жарыс жолына шықты, деп жазады Vesti.kz тілшісі. 

Бірінші болып сайысқа бүгін шаңғы спортының спринт жарысында қыздарымыз түсті. Еркін стильмен спринтте Надежда Степашкина 51, Ангелина Шурига 60, Ксения Шалыгина 67, ал Ирина Быкова 68-орындарға орналасты. Спринтте 27 жастағы швециялық Йонна Сундлинг топ жарды. 

Үздік 30 шаңғышыларлың қатарына Қазақстанның ерлер құрамасы да ене алмады. Виталий Пухкало 62-сатыға жайғасса, Евгений Величко 66-шы болып келді. Бұл жарыста норвегиялық Йоханнес Клебо алтын жүлде алып, Олимпиада ойындарының төрт дүркін чемпионы атанды. 

Сейсенбі 20 шақырымға еркін стильде биатлоншылар арасында жүлде сарапқа салынды. Онда Қазақстан атынан екі спортшы жарыс жолына шықты. Владислав Киреев ату кезінде мүлт кетпей, 25-ші орын иеленді. Ал Александр Мухин атудан төрт рет қателесіп, 52-ші орынға табан тіреді. 

Бұл бәсекеде Олимпиада чемпионы атағын француз Кентен Фийон Майе жеңіп алды. Күміс медаль Беларусь өкілі Антон Смольскийге, қола жүлде норвегиялық Йоханнес Бе еншісіне жазылды. 

Конькимен жүгіруден 1500 метр қашықтықта Олимпиаданың рекорды тіркелді. Қазақстан намысын мұнда Дмитрий Морозов қорғады. Ол жеңімпаздан 3.80 секундқа ұтылып, Олимпиаданы 18-ші орынмен аяқтады.

Аталған қашықтықта Олимпиада рекордын орнатқан нидерландылық Кьелд Нёйс жеңіске жетті. Күміс жүлдені оның отандасы Томас Крол иеленген. Қола жүлде Оңтүстік Корея өкілі Ким Мин Сокқа бұйырды. 

 

Vesti.kz сайтын осы әлеуметтік желілерінде оқыңыздар

@vestisport @vestikzsport

Vesti-де Tik Tok та бар @vestikzsport