"Qazaq titan" лақап атты қазақстандық стронгмен Алмат Жұманов кезекті рекорд орнатып, Гиннесс кітабына атын тағы бір мәрте жазды, деп хабарлайды Vesti.kz.
"Титан" лақап атынан бөлек Қажымұқан атанып кеткен Алмат Жұманов бұл жолы арқасына 280 келі түйені көтеріп, 4 тонна 68 келі болатын үш көлікті 13 метр жерге дейін сүйреді.
Мұндай сынақты Алматтың өзі ойлап тапқан екен. Ал оған бір айдай уақыт дайындалыпты. Түйе көтеру қалыпты болғаннан кейін, осындай жаңа әрекетке бардым деп отыр.
Айта кетейік, Алмат бұған дейін 108 тонналық пойыз вагондарын тартып рекорд орнатқан еді.
Сонымен қатар Айдын Нұржұмаұлы да елді елең еткізер әдіспен көлік тартып өз атын рекордтар кітабына қалдырды. Төс сүйегіне ілгіш іліп неміс автомобильін 63 метр жерге сүйреген азамат бұл әдіс үшін талай еңбек еткенін де атап өтті. Өйткені, төс сүйегімен небәрі 10-15 келі салмақты ғана тартуға болады екен.
Осылайша, қазақтың қос алыбы өз есімдерін Гиннесс кітабына жазып, енді жаңа белестерді бағындыру үшін ары қарай да шыныға береміз деп отыр.