Хоккейші соның алдындағы матчте өте дөрекі ойнап, "Барыстағы" әріптесін жарақаттағаны үшін қарсыластарын орнына қойғысы келгенін айтады. Рыспаев осы үшін қатаң жазаланғанына таңданыпты, өйткені бұл тіпті маусым алды турнир де емес, жолдастық кездесу болған.
- Дамир, "Куньлунь" командасының жартысын қалай сабадың?
- Ойланбай. (күледі)
- Оны көрдік.
- Ашулы едім. Ешқандай бір қарсылық көрсетпей қалды. Момын бола қалды бәрі. Біріне барып: "Go fight?" дедім. Алдыңғы ойында біздің жігітті ауыр жарақаттағаны үшін өш алатынымды айттым. Бір-екі апта ғана жататындай жарақаттаса мейлі ғой. Алады да (Дастин Бойдты - ред.) төрт айға шығарып тастады. Бұл мүлде дұрыс емес. Шықтым. Сазайларын бердім. Шамамен солай (күледі). Мұз үстінде ары-бері сүйредім.
Жігіттер басқа орында төбелесе бастағанда төрешілер де сасып қалды. Қайыров, Ибрагимов те сабады. Бұл сондай амал болды. Бапкермен төрешілердің назарын басқа жаққа бұрудың жолын талқылағанбыз.
Осынша ұзақ уақытқа шеттелуге дайын болдың ба?
- Мұндай шеттеу болған ба өзі? ҰХЛ-дің өзін алып қараңыздар. Саймон қарсыласының басынан клюшкамен ұрып, сұмдық жарақаттады, сонда оны 12 ойынға ғана шеттеді-ау деймін. Ал біздікі ресми турнир емес, жәй жолдастық кездесу. Алды да мені мерзімсіз шеттеп тастады.
Сосын Юрзиновтің "арыз жазамыз" дегені бар. Арыз? Хоккейде? Хоккей не болып кеткен? Бірдеңе дұрыс емес-ау (күледі).