Көкшетаулық "Арлан" клубы шайбалы хоккейден Қазақстан чемпионатының финалында жеңіске жетті.
"Арлан" мен "Торпедо" командалары шешуші кездесуге көкшетаулықтардың артықшылығымен шықты. Бірінші кезеңде өскемендіктер белсендірек көрінгенімен, қорғаныс шебіндегі Владислав Пестов бастаған ойыншылар қақпаны голдан аман сақтап қалды.
Екінші кезеңде де есеп ұзақ уақыт өзгеріссіз тұрды. Алайда соңына қарай көкшетаулықтар дегеніне жетті. Владимир Маркеловтың шәкірттері небәрі 42 секундтың ішінде қос гол соғып, қарсыласты есеңгіретті. Бұл шайбалардың авторлары — Степан Санников пен Владислав Никулин.
Үшінші кезеңде "Торпедо" қос артықшылықпен гол соғуға мүмкіндік алды. Бірақ шайба "Арланның" қақпасына командалар тең құрамда болған сәтте ғана енді. Максим Базанов Ян Тютюньковтың керемет пасын сәтті пайдаланып, есепті қысқартты. Алайда Андрей Корабейниковтың командасы ойынға толықтай орала алмады. Тіпті қақпашыны алтыншы ойыншыға алмастыру да нәтиже бермеді.
"Арлан" қорғаныста өте сенімді ойнады. Әсіресе Сергей Кудрявцев 24 бағытталған соққыны қайтарып, команданың жеңісіне зор үлес қосты.
Осылайша, көкшетаулық команда қатарынан екінші жыл Қазақстан чемпионы атанды.
Жарнама