Талдықорғанда өткен ауыр атлетикадан Қазақстан чемпионаты мәресіне жетті. Бұл жарыста 96 келіде топ жарған алматылық Нұрғиса Әділетұлы әр жаттығу сайын рекорд орнатып, қарсыластарынан жалпылай алғанда 66 келі артық көтерді, деп хабарлайды ауыр атлетика федерациясы.
Чемпионат аяқталысымен Нұрғиса жарыстың қалай өткені туралы айтып берді.
- Нұрғиса, жеңіспен құттықтаймын! Осы жарыста барыңызды салдыңыз, бар шамаңызды салдым деп ойлайсыз ба?
-Құттықтауларыңызға көп рахмет! Осы жарыстағы нәтижем көңілімнен шықты деп айта алмаймын. Жұлқадан, серпеден 3 мүмкіндігімді көтере алмадым.
- Серпе көтеруде бірінші мүмкіндіктен кейін өзіңе рекорд орнатқаныңмен, одан кейінгі екінші және үшінші мүмкіндікті де пайдалануға бел будың. Неге екенін айтасың ба?
- Алдағы әлем чемпионатында өзіме сенімді болу үшін жоғары салмақтарды көтеруге бел будым. Ел біріншілігінде үш мүмкіндігімді бағындыра алмадым. Әлем чемпионатында осы жарыста пайдалана алмаған мүмкіндігімді бағындырамын деп үміттенемін.
- Өзіңді қалай жігерлендіресің?
- Егер қарсыластар болса жақсы, бір-біріңмен жарысасың, одан кейін жарыс та қызықты өтеді. Ал бұл жарыста менің қарсыластарым болмады. Айта кетерлігі, мен қарсыластарыма қарап емес, өзім ойлаған, жоспарлаған салмақты бағындырған кезде жігерленемін.
-Жақындарыңнан сені кім бірінші құттықтады?
-Жеңісіммен мені алғаш болып, әрине, жаттықтырушым құттықтады. Одан кейін осы жарысқа мені қолдап келген әкешім, тәтем, ағам.
-Алдағы жоспарың қандай? Қандай жарысқа дайындалмақсың?
-Үш аптадан кейін Ташкентте әлем чемпионаты басталады. Өзбекстан астанасында өтетін әлем біріншілігінде ел намысын абыроймен қорғап, Қазақ елін қуантамын деп уәде беремін!