Словенияның Копер қаласында өткен спорттық гимнастикадан Challenge Cup әлем кубогі кезеңінде қазақстандық спортшылар сынға түсті, деп хабарлайды Olympic.kz.
Отандық гимнастар арасынан ең үздік нәтижені Диас Тойшыбек көрсетті. Ол тұтқалы ат снарядындағы жаттығудан 14,150 ұпаймен күміс жүлдегер атанды. Бұл бәсекеде алтынды украиналық Илья Ковтун (14.900), қоланы хорватиялық Матео Зугич иеленді.
Одан бөлек, құрама спортшылары төрт жаттығу бойынша финалға шықты. Оның ішінде Роман Маменов шығыршықтағы жаттығудан 6-орын алды. Сондай-ақ, ол қол тіреп секіруден 7-нәтиже көрсетті.
Диас Тойшыбек кермедегі жаттығу бойынша финалда өнер көрсетіп, алғашқы жетілікке енді.