Грек-рим стиліндегі қазақстандық балуан Ислам Евлоев Испанияның Понтеведре қаласында өтіп жатқан 20 жасқа дейінгілер арасындағы әлем чемпионатының финалында белдесті.
82 келідегі шешуші белдесуде ол түркиялық Альперен Берберді жықты - 9:3. Осылайша, Евлоев әлем чемпионы атанып отыр.
Ислам шешуші кезеңге жартылай финалда белдеспей-ақ өткенін айта кетейік. Оның қарсыласы, ресейлік Абдурахман Абдулкадыров белдесуге шықпай қойған болатын.
Бұған дейін қазақстандық балуан: 1/8 финалда германиялық Антон Бушхольцті (8:0) және 1/4 кезеңде қытайлық Ши Чанг Женьді (8:0) жыққан еді.