Қазақстан ұлттық құрамасының капитаны Асхат Тағыберген Беларусьпен өтетін ойын алдында баспасөз мәслихатына қатысып, бұқаралық ақпарат өкілдерінің сауалдарына жауап берді деп хабарлайды Vesti.kz тілшісі ҚФФ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
- Асхат, команда біршама үзілістен кейін жиналып отыр. Команданың жағдайы қалай? Жігіттердің көңіл-күйі қандай?
- Кеш жарық! Көңіл-күй өте тамаша. Барлығымыз қайтадан жиналғанымызға қуаныштымыз. Ертеңгі ойынға толықтай дайынбыз деп айта аламын.
- Ойынға дайындық қалай? Біз Тағыбергеннің ұлттық құрамадағы жойқын голдарын қашан көреміз?
- Ертеңгі ойында жүрегімізбен ойнап, денсаулығымызды жасыл алаңда қалдыруға тырысамыз. Барлық ойыншылар тас-түйін дайын. Ал гол туралы айтатын болсақ, мен гол салғаннан гөрі нәтижелі пастан жақсы әсер аламын. Енді сәті келсе, гол салуға тырысамын.
- Біріншіден, УЕФА-ға өткелі топтан бірінші орын алып көрген жоқпыз. Команданың физикалық дайындығын айтып жатырсыздар, ал психологиялық дайындығы қалай? Бірінші орынның жауапкершілігі сезіле ме? Ойыншылардың жүйкесіне салмақ болмай ма? Екіншіден Беларусь құрамасын әлі де жеңбедік. Не кедергі?
- Тарихи сәт айтып жатырмыз ғой. Беларусь құрамасы ыңғайсыз қарсылас болғанымен, тарихи сәт келгенде бар күш-жігерімізді салуға дайынбыз. Арманымыз емес, өңіміз қылуға тырысамыз. Енді көп сөздің қажеті жоқ, ертең жасыл алаңда барлығын көрсетуге тырысамыз.
Еске салайық, бүгін УЕФА Ұлттар лигасында Қазақстан мен Беларусь құрамалары кездеседі. Ойын "Астана Аренада" елорда уақытымен 20:00-де басталады.