Бразилиялық форвард Вагнер Лав алдағы күндері алматылық "Қайрат" сапында өнер көрсету керек, алайда, Қазақстанда маусымды қайта жалғастыру мәселесі жағдайды қиындатып отыр, - деп хабарлайды "Матч ТВ" тілшісі Константин Столбовский.
Еске салайық, 36 жастағы Бразилия құрамасының бұрынғы ойыншысы "Қайратқа" ауысатынын өзі хабарлаған. "Матч ТВ" ақпаратынша, футболшымен келісімшартқа әлі қол қойылмаған, өйткені, Қазақстанда әлі трансферлік кезең ашылмады. Тіпті маусым жалғасы қашан басталатыны да анық емес. Қазіргі таңда ел чемпионатында екі тур ғана өткен.
Сонымен қоса, "Қайрат" басшылығында Вагенрмен арада трансфер жайлы алдын ала келісім ғана бар екен.
Айта кетейік, жұма, 26 маусымда Қазақстан футбол федерациясы атқару комитетінің өкілдері елдің Денсаулық сақтау және Спорт минситрліктерінің басшылығымен кездесу өткізеді. Чемпионатты жалғастыру мәселесі осы отырыста шешілмек.