Футболдан УЕФА Конференция лигасының алғашқы ширек финалында Жозе Моуриньо баптайтын "Рома" қонақта "Буде-Глимт" клубына ұтылды, деп хабарлайды Vesti.kz тілшісі.
Италияның маңдай алды клубы саналатын римдіктер Норвегияда бір гол соғуға шамасы жетті. Бірінші таймда қонақтар сапында Лоренцо Пеллегрини (43-минут) ерекшеленсе, үзілістен кейін Сальтнес (56-минут) пен Ветлесен (89-минут) соққан голдар алаң иелеріне жеңіс сыйлады.
Еске салайық, transfermarket сайтында "Рома" ойыншыларының құны 369,35 миллион еуроны құраса, норвегиялық команда футболшыларының бағасы небәрі 15,65 миллион еуро тұрады.
Салыстырмалы түрде қазақстандық клубтардың арасында ең бағалы ойыншылар "Астана" сапында ойнайды. Елордалық кәсіпқой ойыншылардың барлығын қоса алғанда трансферлік құны 15,10 миллион еуроны құрайды.
"Рома" мен "Буде-Глимт" арасындағы қарымта кездесу 14 сәуірде Римдегі олимпиялық стадионда өтеді.