"Зениттің" бұрынғы бас бапкері Дик Адвокат Ресей құрамасының тізгінін ұстаған Валерий Карпин жайлы пікірімен бөлісті, деп жазады Vesti.kz тілшісі СЭ басылымына сілтеме жасап.
"Біріншіден Карпин – ұлы ойыншы. Ол кезінде Испания чемпионатында жасындай жарқылдады. Екіншіден бірнеше жыл бойы "Ростовты" жаттықтырды. Қазіргі таңда ол тәжірибесі толысқан мықты бапкерге айналды. Валерийге уақыт беру керек. Ресей құрамасын биік белестерге алып шығарады", - дейді бапкер.
Еске салайық, 2019-2020 жылдары Қазақстан құрамасының ойыншысы Бахтер Зайнутдинов "Ростов" сапында ойнағанда Валерий Карпин бас бапкер міндетін атқарды. Ал биылғы жылдың шілде айынан бастап Ресей командасын жаттықтырып келеді. Әзірге ӘЧ-2022 іріктеу турнирінің Н тобында Ресей 19 ұпаймен көш бастап тұр. Карпин командаға келісімен төрт матчта жеңіске жетіп, бір рет тең түсті.