Португалия құрамасының шабуылшысы Криштиану Роналду ӘЧ-2022 іріктеу турнирінде бірінші рет қақпаға дәл соққы жасай алмады, деп жазады Vesti.kz.
Квалификацияның соңғы турында өз алаңында Сербияны қабылдаған "пиренейліктер" 1:2 есебімен жеңіліп қалды. Нәтижесінде келесі жылы Катардағы футбол тойына "балқандық" ұжым тікелей жолдама алды. Ал Роналду болса Предраг Райкович қақпасына бірде-бір дәл соққы жасай алмады.
Айта кетейік, А тобында Сербия футболшылары 20 ұпаймен көш басына шықса, Португалия 17 ұпаймен екінші орынға тұрақтады. Әлемнің үздік форвардтарының бірі Роналду іріктеу турнирінде 6 гол соқты. Енді Фернанду Сантуштың жігіттері әлем біріншілігіне бару үшін қосымша іріктеу турниріне қатысады.