"Ювентус" шабуылшысы Криштиану Роналду туриндік клуб үшін 100-ші голын соқты, деп хабарлайды Vesti.kz. Португалиялық ойыншы Италия чемпионатының 36-шы турындағы "Сассуолоға" қарсы ойында (3:1) көзге түсті.
Opta Paolo мәліметінше, Роналду үш маусымдағы барлық турнирде 100 доп салған "Ювентустің" алғашқы ойыншысы. Мұның алдындағы туриндік футболшылар мұндай жетістікке төрт маусымда жеткен екен.
Сонымен қоса, Роналду үш бөлек елдің клубтары үшін 100 және одан көп доп салған бірінші футболшы, деп жазады ESPN. Форвард "Реал" сапында 450 және "Манчестер Юнайтедте" ойнағанында 118 гол соққан. Онымен қоса, 36 жастағы ойыншы 103 голды Португалия құрамасы үшін салған.
Биылғы маусымда Роналду "Ювентус" үшін барлық турнирде 42 матчке қатысып, 35 гол салды және төрт нәтижелі пас берді.