Кореяны тас-талқан еткен Бразилия ширек финалға өтті
Бразилия құрамасы Катардағы әлем чемпионатының ширек финалына жолдама алды, деп хабарлайды Vesti.kz.
Бразилия құрамасы Катардағы әлем чемпионатының ширек финалына жолдама алды, деп хабарлайды Vesti.kz.
1/8 финалда бразилиялықтар Оңтүстік Кореямен ойнады. Матч тағдыры бірінші таймда шешіліп қойды. Бразилия футболшылары үзіліске дейін төрт гол соғып тастады.
7-минутта Винисиус Жуниор матч есебін ашты. Бес минуттан соң Неймар пенальтиден есепті еселеді. Ал 29-минутта Ришарлисон Бразилияның әдемі комбинациясын голмен аяқтады. 36-минутта Лукас Пакета бразилиялықтардың тағы бір голын соқты.
Екінші таймда корей футболшылары есеп айырмасын қысқарта алды. 76-минутта Бэк Сын Хо алыстан дәл соққы жасады. Бірақ Оңтүстік Кореяның одан әріге шамасы жетпеді. Қорытынды есеп - 4:1.
Бұл ойында Бразилия құрамасы әлем чемпионатының рекордын орнатты - мундиальде 113-матчін өткізді. Олар бұл көрсеткіш бойынша Германиядан (112 матч) озып отыр.
Енді Бразилия ширек финалда Хорватиямен кездеседі.
Жарнама