ҚФФ маусымды қорытындылады
Қазақстан футбол федерациясы 2022 жылғы маусымды қорытындылап, барлық футбол қауымдастығының қатысуымен ауқымды форум ұйымдастырды, деп жазады ҚФФ ресми сайты. Іс-шараға ҚР Мәдениет және спорт министрлігі, аймақтық футбол федерацияларының жетекшілері, облыстық спорт басқармалары, кәсіпқой футбол клубтары, Қазақстанның футзал қауымдастығы, балалардың футбол орталығы, әуесқой футбол лигалары және т.б. қатысты.
Қазақстан футбол федерациясы 2022 жылғы маусымды қорытындылап, барлық футбол қауымдастығының қатысуымен ауқымды форум ұйымдастырды, деп жазады ҚФФ ресми сайты. Іс-шараға ҚР Мәдениет және спорт министрлігі, аймақтық футбол федерацияларының жетекшілері, облыстық спорт басқармалары, кәсіпқой футбол клубтары, Қазақстанның футзал қауымдастығы, балалардың футбол орталығы, әуесқой футбол лигалары және т.б. қатысты.
Алғаш рет ұйымдастырылған пікірталас алаңы футбол жүйесінің барлық құрылымының ортақ нәтижеге қол жеткізіп, футболды дамыту жолында өзекті тақырыптарды талқылау үшін өткізілді.
Форумның спикерлерінің арасында ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Серік Жарасбаев, ҰОК спорт дирекциясының директоры Елсияр Қанағатов, ҚФФ президенті Әділет Бәрменқұлов, ҚФФ бас хатшысы Олжас Абраев, ҚКФЛ президенті Рохус Шох және ҚФФ президентінің кеңесшісі Сейілда Байшақов болды.
"Ашық микрофон" форматында ұйымдастырылған форумда қатысушылар өзекті тақырыптарды көтеріп, спикерлерге қызықтырған сауалдарын қою алды.
Талқыға түскен тақырыптардың негізі бағыттары – бұқаралық футбол, балалар мен жасөспірімдер футболы, қыздар футболы, футзал және кәсіпқой футбол клубтары.
Форумды ашқан ҚФФ президенті Әділет Бәрменқұлов қатысушыларға арнап сөз сөйледі.
"Бұл форум – аймақтар мен орталықтың, мемлекет пен қоғамның арасындағы пікірталас алаңы. Футболдағы барлық құрылымдардың өзара әрекет ету жұмыстарын наурыз айында бастап, фасилитациялық сессияларға 100-ден астам адам қатысқан болатын. Олардың ішінде аймақтық футбол федерацияларының президенттері, футбол клубтары мен спорт мектептерінің директорлары, бапкерлер мен төрешілер, аймақтағы футбол саласында еңбек ететін жандар болды. Сол сессияның пайдасы мол болды. Қатысушылар футболды дамытуға деген көзқарастарын білдіріп, жетістіктері мен проблемаларына тоқталды. Өйткені футболдың ішінде істейтін жандар ең алдымен не қажет екенін жақсы біледі. Бүгінгі кездесу ортақ нәтижеге қол жеткізу үшін байланыс орнатудың басты құралдарының бірі екенін дәлелдей түсті", – деп атап өтті Федерация басшысы.
ҚФФ президенті алдағы үш жылда ұйымның атқаратын басты міндеттеріне тоқталды: балалар-жасөспірімдер және бұқаралық футболды дамытуға баса назар аудару, футбол мамандарын даярлау саласында сапалы серпіліс, сонымен қатар, футбол инфрақұрылымын жаңғырту.
Әділет Барменқұлов Стратегияға сәйкес, басым бағыттардың бірі кадр саясатының шешімі мен футбол менеджерлерінің біліктілігін арттыру екенін атап өтті. Білім беру бағдарламалары 2023 жылдың ақпан айынан бастап іске қосылады.
Өз кезегінде ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Серік Жарасбаев футболды дамытуда салалық министрліктің жан-жақты қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізді.
"Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз жолдауында бұқаралық спортқа көп көңіл бөлу керек екенін тапсырды. Футболдың ең үлкен бұқаралық спорт түрі екені құпия емес. Мәдениет және спорт министрлігі ҚФФ саясатын толық қолдап, елімізде балалар-жасөспірімдер және бұқаралық футболды дамытуды федерациямен бірге жүргізеді", – деп атап өтті Жарасбаев.
Қатысушылар арасында пікірталас алаңы үлкен қызығушылық тудырды. Форум қорытындысы бойынша бірқатар шешімдер қабылданып, кейбір сұрақтар дөңгелек үстел форматында талқыланды.
ҚФФ бұл форумды жыл сайын маусым соңында ұйымдастыруды дәстүрге айналдырмақ.
Жарнама