Солигорск қаласының "Шахтер" командасы футболдан Беларусь біріншілігінің кейінге шегерілген 15-турында "Гомель" командасын 3:2 есебімен жеңіп, ел чемпионы атанды.
"Шахтер" командасы маусым барысында бас бапкерін екі мәрте ауыстырып, чемпион атанған алғашқы команда болды. Маусым басында салигорскілік ұжымның тізгінін Роман Григорчук ұстаған болатын. Кейін оның орнына Сергей Гуренко келсе, содан соң оны Алексей Бага алмастырды. Соңғы маман маусымды қазақстандық "Ақтөбе" командасында бастаған болатын.
Айта кетейік, қазіргі уақытта бұл команданың спорт директоры қызметін Қазақстан құрамасының бұрынғы шабуылшысы Владимир Нидергаус атқарады.
"Шахтер" командасы болса өз тарихында Беларусь біріншілігін үшінші рет жеңді. Бірінші рет бұл ұжым 2005 жылы топ жарған еді.