3 маусым күні Футбол үйінде Премьер-лига мен Бірінші лига клубтары басшыларының қатысуымен жұмыс кеңесі өтті.
Іс-шараны Қазақстан футбол федерациясының Президенті Әділет Наразбайұлы Барменқұлов ашты. Ол ҚФФ мен ҚКФЛ бірлесіп қабылдайтын кәсіби футболды басқару саласындағы шешімдердің маңыздылығын атап өтті.
Кездесуді Қазақстан кәсіпқой футбол лигасының Президенті Рохус Рохусович Шох ұйымдастырды. Ол клубтарға 2024 жылғы маусымнан бастап Қазақстан чемпионатына қатысушы командалардың санын қысқарту туралы Қазақстан футбол федерациясына бағытталған ұсыныстарды талқылауды сұрады.
ҚКФЛ мүше клубтардың басшылары жарысты өткізудің бірқатар мүмкін форматтарын, сонымен қатар, Чемпионатты өткізудің жаңа схемасына көшу мерзімдерін талқылады.
Отырыс барысында ҚКФЛ Президенті Рохус Шох еліміздің өңірлеріне жасаған іссапарларды қорытындылап, қатысушыларға отандық клубтарға қойылатын инфрақұрылымдық критерийлер бойынша талаптарды нақтылау және күшейту туралы ұсыныс жасады. Аталмыш ұсыныс ҚКФЛ мүшелері тарапынан толықтай қолдау тапты.
Отандық клуб басшылары құрылған диалогқа сүйеніп, Чемпионат деңгейін көтеру ниетін қолдай отыра 2024 жылғы маусымнан бастап Қазақстан чемпионатына қатысушы командалар санын қысқарту туралы шешімді қолдады. Сондай-ақ, клубтарды сертификаттау барысында инфрақұрылымдық және қаржылық критерийлерге қойылатын талаптарды қатаңдатты.
Отырыс барысында қабылданған барлық шешімдер одан әрі талқылау үшін ҚФФ Атқарушы комитетіне берілетін болады.