Қазақстандық шабуылшы Бауыржан Тұрысбек карьерасын "Атырауда" жалғастыратын болды. Инсайдер Айдын Қожахметтің мәліметінше, ол демалыстан кейін бірден жаңа командасына қосылады.
Маусым аралығында Бауыржан "Ақсу" клубында болған, алайда, тараптар сол күйі келісімшарт жасамады. Ал өткен маусымда шабуылшы "Жетісуда" ойнады.
Сонымен қоса, ол сербиялық "Раднички", семейлік "Спартак", "Сұңқар", "Қайрат", "Тобыл", "Шахтер" мен "Таразда" өнер көрсеткен. Қазақстан құрамасы үшін 14 матч өткізіп, үш гол салған.
Константин Горовенко жаттықтыратын "Атырау" үш турда төрт ұпай жинап, ҚПЛ-2022 кестесінде сегізінші келеді.