Аргентина құрамасының қақпашысы Эмилиано Мартинес Қатардағы әлем чемпионатының үздік голкипері атанды, деп жазады Vesti.kz тілшісі.
Аргентина мен Франция матчінен кейін марапаттау рәсімінде ФИФА Мартинесті үздік бағана күзетшісі деген атақпен марапаттады. Қолына ескерткіш бюстін алған "Астон Вилла" қақпашысы футболға жат қылық көрсетті. Ал жанкүйерлер болса әлеуметтік желіде аргентиналықты мәдениетсіз деп айыптады.
Осыған қатысты Мартинес пікір білдірді.
"Мен бұл әрекетімді француз жанкүйерлеріне арнадым. Себебі олар мені балағаттады. Әйтпесе соншалықты тәкәппар, мақтаншақ емеспін", - деді қақпашы.
Еске салайық, "Лусаил" стадионындағы ойында Аргентина командасы пенальти сериясында Францияны ұтып әлем чемпионы атанды.