Футболдан Иран құрамасы Катар-2022 турниріне жолдама алды, деп хабарлайды Vesti.kz тілшісі.
Азия іріктеу аймағында Иран мен Ирак үшінші кезең аясында кездесіп, парсы құрамасы 1:0 есебімен жеңіске жетті. Ойындағы жалғыз голды 48-минутта Мехди Тареми соқты. Ал ирандықтардың басты жұлдызы Сердар Азмунды "Зениттің" бапкерлік штабы жібермегенін айта кеткен жөн.
А тобында 19 ұпай еншілеген Иран командасы квалификациялық турнирде екінші орыннан төмен түспейді. Осының арқасында Драган Скошич жігіттері Катардағы футбол тойына тікелей жолдама алып отыр. Ал Ирак болса 4 ұпаймен 5-орынға жайғасты.
Тағы бір айта кететін жәйт, Иранда араға үш жыл салып стадионға әйелдерді қайта кіргізуге рұқсат берілді.