Англиялық "Манчестер Сити" бас бапкері Хосеп Гвардиола команданың қорғанысы туралы пікір білдіріп, осы арқылы өзбекстандық ойыншы Абдукодир Хусановтың болашағын айқындады, деп хабарлайды Vesti.kz.
Қорғаныстағы кемшіліктер
Англия премьер-лигасының (АПЛ) биылғы маусымында "қалалықтар" 33 турда қақпасына 42 гол өткізіп алды. Ал былтырғы маусымда бұл көрсеткіш тек 34 доп болған.
Бұған қарамастан, Гвардиола бұл мәселені алдағы маусымда шешетін футболшылар команда сапында бар деген сенімде.
"Бізге тағы орталық қорғаушыларды сатып алудың қажеті жоқ деп ойлаймын, себебі бізде олар жеткілікті. Қаңтарда екі жас ойыншы сатып алдық, әрі қарай көре жатармыз", – деп келтіреді Гвардиоланың сөзін инсайдер Фабрицио Романо.
Болашағынан үміт бар футболшыларға сенім
Қаңтар айында "Манчестер Сити" Францияның "Ланс" клубынан өзбекстандық Абдуқодир Хусановты 40 миллион еуроға сатып алды. Сондай-ақ, Бразилияның "Палмейрас" клубынан қорғаушы Витор Рейс 37 миллион еуроға команда қатарына қосылды.
Хусанов пен Гвардиола арасындағы келіспеушілік
Дегенмен, "Манчестер Сити" сапына жаңадан қосылған футболшылар алаңдағы ойынға шыға алмай жүр десе де болады. Витор Рейс АПЛ-де небәрі бір минут қана алаңға шыққан. Ал Абдуқодир Хусанов бастапқыда негізгі құрамда бой көрсетіп жүрді, бірақ, кейіннен Пеп Гвардиола оны қосалқы құрамға жіберді. Өзбекстандық қорғаушы наурыз айынан бері бірде-бір матчқа қатыспады – ол қатарынан төрт чемпионат ойыннан қалып отыр. Қазірге дейін оның премьер-лигада алты кездесуге қатысқаны белгілі.
Бұған дейін бұқаралық ақпарат құралдары Хусанов пен бас бапкер арасындағы түсініспеушілік жайлы хабарлаған болатын. Сыбыстар бойынша, олардың арасында тілдік кедергіден туындаған қиындықтар бар. Испаниялық маман жас ойыншының сөзін дұрыс түсінбей, оны өзін қорлау ретінде қабылдаған. Осыдан Гвардиола ары қарай Хусановты алаңға шығармай жүр.
Жарнама