Футбол
24 сәуір 2020 10:14

Голландиялық клуб келісімшарты аяқталатын қазақстандық футболшыға қатысты пікір білдірді

Александр Меркель (сол жақта). Сурет: "Хераклес" ФК
"Хераклес" клубының техникалық директоры Тим Гилиссен Қазақстан құрамасының жартылай қорғаушысы Александр Меркелмен келісімшарттың аяқталуына қатысты пікірі білдірді. Футболшының нидерландтық командамен келісімшарты 2020 жылдың 30 маусымына дейін есептелген.

Нидерланды билігі елде спорттық шаралар өткізуді 1 қыркүйекке дейін тоқтатты. Осыған байланысты Меркель ары қарай "Хераклесте" ойнамауы мүмкін. Қазақстандыққа әзірге басқа ұсыныстар жасалған жоқ.

"Қайта бір көріскенімізде мұны кофе үстінде талқылармыз", - дейді Гилиссен tubantia.nl порталына берген сұхбатында.

2019/20 маусымында Меркель Нидерланды чемпионатында 25 матч өткізіп, екі гол салды және төрт ассист жасады. "Хераклес" чемпионат тоқтатылған сәтте 36 ұпаймен турнир кесетсінде сегізінші болған.

Мұның алдында қазақстандық футболшы аустриялық "Адмира", германиялық "Бохум", швейцариялық "Грассхопперс", англиялық "Уотфорд" пен италиялық "Удинезе", "Дженоа" және "Милан" командаларында өнер көрсеткен.