Диего Марадонаның жейдесі аукционда рекордтық сомаға, яғни 7,14 млн фунт стерлингке (8,5 млн еуро) сатылды, деп хабарлайды CITY A.M порталы. Бірақ жейдені алған адамның есімі жарияланбады.
Дереккөздің хабарлауынша, аргентиналық футболшының 1986 жылғы Әлем чемпионатының 1/4 финалында Англия құрамасымен (2:1) өткен ойында киген футболкасы сатылымға шығарылған. Бұл ойында Марадона дубль жасап, қолымен гол соқты. Футболканың бастапқы бағасы 4,98 млн еуроны құраған.
Соңғы 35 жыл бойы бұл жейде Англияның бұрынғы жартылай қорғаушысы Стив Ходжға тиесілі болып келді. Тарихи матч аяқталған соң ол Марадонамен футболкасын алмастырған еді. Марадона жейдесінің сатылымы спорттық атрибутика тарихындағы рекордтық келісімге баланды.
Еске салайық, 1986 жылғы әлем чемпионатында Аргентина топ жарды. Ал Марадона турнирдің үздік ойыншысы деп танылды. 2020 жылдың 25 қарашасында аңыз футболшы өмірден озды.