Футбол
11 ақпан 2020 10:06

Бауыржан Исламхан Азиядағы ең қымбат 50 футболшы тізімінде

Сурет: "Аль-Айн" ФК
БАӘ клубы "Әл-Айн" мен Қазақстан құрамасының жартылай қорғаушысы Бауыржан Исламхан АФК Азия Чемпиондар Лигасындағы ең қымбат 50 футболшы тізіміне енді, - деп хабарлайды Мassaget.kz


Transfermarkt дерегіне сәйкес, Исламханның трансферлік бағасы – 3,5 миллион евро. Осылайша ол азиялық рейтингте 48-орында тұр.

Айта кетерлік дерек, Исламхан әлем және Еуропа чемпионы, жапониялық "Виссел Кобе" клубының жартылай қорғаушысы Андрес Иньестадан бір миллион евро арзан тұрады. "Барселонаның" экс-футболшысы рейтингте 33-орында тұр.

Одан бөлек, Исламхан катарлық "Әл-Садд" клубының ойыншысы Габиден қымбат. "Атлетиконың" бұрынғы капитаны, Чемпиондар лигасының 2014, 2016 жылғы финалында ойнаған Габи 1 миллион евро тұрады және рейтингте 67-орында. 

Рейтингтің басында Қытай клубтарының ойыншылары орналасқан:

1. Оскар (азаматтығы - Бразилия, клуб - "Шанхай СИПГ") - 24 миллион евро;
2. Паулиньо (Бразилия, "Гуанчжоу Эвергранд") - 23 миллион;
3-4. Марко Арнаутович (Аустрия, "Шанхай СИПГ") мен Талиска (Бразилия, "Гуанчжоу Эвергранд") - 20 миллион;
5. Стефан Эль-Шаарави (Италия, "Шанхай Шеньхуа") - 16 миллион.

Еске салайық, "Әл-Айн" клубы Қазақстан құрамасының капитанымен жарты жылдық келісімшартқа отырып, 31 қаңтарда футболшыны ресми таныстырды. Исламхан БАӘ чемпионатында екі ойын ойнап, бір гол пасын берді.

"Әл-Айн" келесі ойынын өз алаңында Чемпиондар лигасының топтық кезеңі аясында ирандық "Сепаханға" қарсы өткізеді. Ойын 11 ақпан күні Нұр-Сұлтан уақытымен 20:50-де басталады.