Чемпиондар Лигасының екінші іріктеу айналымында Венгрияның "Ференцварош" клубы өз алаңында Словакияның "Слованынан" ұтылды, деп хабарлайды Vesti.kz тілшісі.
"Тобылдың" биылғы маусымдағы қарсыласы "Групама Арена" стадионында бірінші болып есеп ашты. 70-минутта Норвегия құрамасының шабуылшысы Кристоффер Захариассен венгриялықтарды есепте алға шығарды. Алайда алаң иелерінің қуанышы ұзаққа созылмады. 81-минутта Гурам Кашия таразы басын теңестірсе, араға бес минут салып "Астананың" экс-жартылай қорғаушысы Тигран Барсегян словакиялықтарға жеңіс сыйлады.
Бір қызығы, "Слован" командасын "Қайраттың" бұрынғы бапкері Владимир Вайсс жаттықтырады. Енді қарымта матч 28 шілде күні Братиславада өтеді.
Еске салайық, Чемпиондар Лигасының бірінші іріктеу айналымында "Тобыл" қос ойынның қорытындысы бойынша "Ференцварошқа" оңбай ұтылып, кәрі құрлықтағы ең беделді турнирден ұшып кеткен еді.