Футбол
7 қыркүйек 2022 04:25

"Астананың" экс-қарсыласы Чемпиондар лигасының жеңімпазын ұтты

©gnkdinamo.hr

Чемпиондар лигасының бірінші турында Загребтің "Динамосы" мен Лондонның "Челсиі" арасындағы ойында сенсациялық есеп тіркелді, деп хабарлайды Vesti.kz тілшісі.

Хорватия астанасындағы "Максимир" стадионында алаң иелері 1:0 есебімен жеңіске жетті. Матчтағы жалғыз голды Мислав Оршич 13-минутта салды.

Шабуыл шебінде Рахим Стерлинг, Кай Хаверц және Пьер-Эмерик Обамеянгы бар қонақтар Балқан түбегінен ұпайсыз қайтты. Кездесу барысында "Челси" ойыншылары 14 соққы жасап, оның үшеуін қақпаға дәл бағыттады.

Енді "Динамо" Е тобының аясындағы екінші тур кездесуін 14 қыркүйек күні қонақта "Миланға" қарсы өткізеді. Ал Томас Тухельдің командасы "Стэмфорд Бриджде" Аустрияның "Зальцбургін" қабылдайды.

3 ұпайы бар хорватиялық клуб топтың көшін бастаса, "Зальцбург" пен "Милан" бір-бір ұпаймен екінші және үшінші орындарға жайғасты.

Еске салайық, Чемпиондар лигасының 2018/19 жылғы маусымының үшінші іріктеу айналымында "Астана" мен "Динамо" Загреб кездесіп, қос матч нәтижесі бойынша (0:2, 1:0) балқандықтар келесі раундқа жолдама алған еді.

Vesti.kz сайтын осы әлеуметтік желілерінде оқыңыздар

@vestisport @vestikzsport

Vesti-де Tik Tok та бар @vestikzsport