Рухани келісім күніне орай Спартакиада өтті
Алматыда Рухани келісім күніне орай Спартакиада өтті, деп жазады Vesti.kz тілшісі. Бұл күн - еліміздегі әртүрлі ұлттар мен дәстүрлі діндердің арасындағы ауызбіршілік пен татулықтың, тыныштық пен тұрақтылықтың, бейбітшілік пен ынтымақтың мерекесі.
Алматыда Рухани келісім күніне орай Спартакиада өтті, деп жазады Vesti.kz тілшісі. Бұл күн - еліміздегі әртүрлі ұлттар мен дәстүрлі діндердің арасындағы ауызбіршілік пен татулықтың, тыныштық пен тұрақтылықтың, бейбітшілік пен ынтымақтың мерекесі.
Татулықты ту еткен мерекенің құрметіне орай Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқарманың басшылығымен "Ұлттық мұра" бағдарламасы аясында Алматыда кезекті жарыс өтті.
Бұқаралық-спорттық шараның шартына сәйкес 16 жастан асқан Алматы қаласының тұрғындары қатысуға мүмкіндік алды. Аталған шара барысында қатысушылар: арқан тарту, армрестлинг, гір тасын көтеру, қошқар көтеру, асық ату, мини-футбол секілді спорт түрлерінен бақ сынады.
Жиналған жамағаттың назарын өзіне аударған – "Қошқар көтеру" сайысы болды. Өйткені жеңімпаз атанған балуан қошқарды жетектеп қайтады. Бәске екі бірдей қошқар тігіліп жиналған көпшіліктің өз бақтарын сынап көрулеріне мүмкіндік берілді. Алғашқы топта Айдын Нұғыманов 54 рет көтеріп жеңіске жетсе, екінші топтан Бауыржан Әбдіқайымов ешкімге дес бермеді. Ол тіпті екі минут ішінде 58 рет көтерді.
"Біріншіден осы сапартакиаданы ұйымдастырған қалалық Дін істері жөніндегі басқарма басшылығына және "Ұлттық мұра" бағдарламасына алғысымды айтамын. Өзім қошқар көтеру сайысында жеңімпаз болдым. Кеше ғана Алматы облысында өткен жарыста уақыт шектеусіз болып 1115 рет көтерген едім. Бұл жолы 2 минут қана берілгендіктен 58 рет көтердім. Осындай спорттық шаралар жиі өткізіліп тұрса, қала халқының салауатты өмір салтын ұстануына және денсаулықтарының мықты болуына ықпал етеді" - дейді спартакиада жеңімпазы Бауыржан Әбдіқайым.
Гір тасын көтерген білекті жігіттер де көпшілікті тамсандырды. Тасты 101 рет әуелеткен Айдын Нұғыманов бас жүлдені иеленсе, 72 рет көтерген Абзал Тілеубаев екінші орынға тұрақтады. Жүлделі үштікті 71 рет көтерген Сайфулла Маликов түйіндеді.
Арқан тартқанда ұйымшылдық танытқан "Асқар" тобының апайтөс жігіттері топ жарды. Финалда есе жіберіп алған "Құдайберген" тобы 2-орын, ал "Заря" тобы 3-орынға тұрақтады.
Ұлттық ойын – асық атуда мергендігімен көзге түскен Диас Серікбаев жеңімпаз болды. Ал білекті жігіттердің бәсекесі – армрестлингте Абзал Тілеубаев мықты екенін дәлелдеді.
Футбол турнирінде 28 команда өнер көрсетті. Топтық кезеңнен де, плей-ооф ойындарынан да мүдірмей өткен "Алғабас" пен "Арлан" командалары бас жүлдені өзара сарапқа салды. Тартысты өткен финалдық ойында "Алғабас" футболшылары жеңіске жетіп, чемпион атанды. Ал, жүлделі үштікті "Іле-Алаш" командасы түйіндеді.
Жарыс соңынан жеңімпаздар мен жүлдегерлер ұйымдастырушылар тағайындаған бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Шараның негізгі мақсаты да мешіт жамағаты арасында дене шынықтыру мен спортты, салауатты өмір салтын насихаттау. Сонымен қатар, исламның дәстүрлі емес ағымының жетегінде жүрген жандарға асыл діннің оң жолын көрсету.
Жарнама